
«Резерват аумағындағы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген өсімдіктер»
«Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының ғылыми бөлім қызметкерлері Қарасу ауылының мектеп оқушыларын резерват аумағындағы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген өсімдіктермен таныстырды. Одан бөлек оқушыларды табиғатты аялауға, өздері тұрып жатқан өлкені таза ұстау керектігін тілге тиек етті. Шара барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Ғылыми қызметкерлер табиғатты таза ұстау, экологиялық мәдениет әр азаматтың өзінен басталатынын жеткізді.

«Орманды алқаптарды күзгі жоспарлы шолып-тексеру (ревизия) жұмыстары»
Қазан айының 8-і және 10-ы күндері аралығында «Алтын Дала» МТР-ің «Табиғи кешендер мен нысандарды қорғау бөлімі» мен ғылыми бөлімнің мамандары резерватқа қарасты «Ұлы-Жыланшық», «Сарықопа», «Тосынқұм» жер телімдеріне резерват директорының №258 бұйрығын басшылыққа ала отырып Орманды алқаптарды күзгі жоспарлы шолып-тексеру (ревизия) жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда дала өрттерінің алдын алу және болдырмау, ағаш, бұталар мен шөптесін өсімдіктерді заңсыз кесу фактілерінің алдын алу, мемлекеттік инспекторларға бектілген мекеме мүлкінің (арнайы құралдардың) жай-күйін, қызметтік киімдердің болуын қадағалау.
Комиссия мүшелері Қадағалап өткізу бекеттерінде кезекшілік міндеттерін атқарып жүрген мемлекеттік инспекторлардың нысанды қызметтік киімдерінің бар-жоғын, мекеме тарапынан бекітіліп берген арнайы құралдардың талапқа сай пайдаланылуын қадағалап, фенологиялық бақылау журналдары мен күнделіктердің толтырылу барысын тексерді.
Шолып-тексеру (ревизия) жұмыстары барысында резерват аумағында ешқандай заң бұзушылықтар анықталмады.

Күзгі санақ жұмыстары
Қараша айының 11 мен 14 күндері аралығында «Алтын Дала» МТР-ің ғылыми қызметкерлері, экологиялық ағарту маманы және мониторинг мамандары резерват аумағында мекендейтін жабайы аң-құстардың есебін алу мақсатында күзгі санақ жұмыстарын жүргізді. Күзгі санақ барысында территориядағы Қазақстанның Қызыл кітабына енген және жойылып кету қаупі төнген сонымен қатар индикаторлық түрлердің есебі жүргізілді. Аң-құстардың кездескен жерлерінің координаттық нүктелері арнайы журналдарға тіркелді.
Осындай санақ жұмыстарының негізгі мақсаты: территориядағы мекен ететін жабайы аң-құстардың ареалын анықтап, қыс мезгілі қарсаңындағы жай-күйлеріне талдау жасау болып табылады.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтымен бірлескен жұмыс.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтымен ынтымақтастық орнату бойынша келіссөздер нәтижесінде ағымдағы 2024 жылдың 24 желтоқсаны күні екі жақты келісімшартқа қол қойылды. Енді алдағы уақытта білім ордасы мен Резерват бірлесіп табиғат қорғау саласындағы түйткілді мәселелердің шешімін табуға еңбек етпек. Келісім аясында «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аңшы-биолог маманы жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу тақырыбына институттың білікті аға-оқытушысы жетекшісі болып тағайындалды. Осылайша келісімшарт алғашқы жемісін беріп те үлгерді. Екіжақты жұмысқа толағай табыс тілейміз.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы
Өткен 2024 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтің бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Алғашқы кезде бес аптаға жоспарланған бұл акция өзіндік тақырыптарға ие болды. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ». Мәні мен мағынасы жарасқан бес аптада ел тұрғындары өз ауласын, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын тазалап, абаттандырды. Ескірген ағаштардың орнына жаңа көшеттер отырғызып, ардагерлер мен қарт кісілердің ауласын қоқыстан тазартып, өзендер мен көлдердің жағалаулары қоқыстардан тазартылды.
Акцияның басты мақсаты еліміздің әр аймағын қоқыстан тазарту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бастаманы халық қолдады, бүкіл ел болып ортақ үйімізді таза әрі қауіпсіз ету үшін күш біріктірді.
Аталған акциядан «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының ұжымы да шет қалмады. Жыл сайынғы «Парктер Шеруі» халықаралық акциясын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен ұштастырып, мектептерде оқушыларға табиғатты қорғаудың маңыздылығын тілге тиек етсе, мекеме ұжымыдары мен қоғамдық ұйым өкілдері және халықпен кездесулерде экологиялық проблемалардың өзекті екендігін алдыға тартып оларды шешу жолдарын бірге қарастырып отырды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 2025 жылы жалғасын тапты. Осы орайда аталған акцияның өрісін кеңейту мақсатымен «Алтын Дала» мемлекетті табиғи резерваты мамандары Жангелді ауданында іс-сапармен болып, ауданның бес мектебінде «Алтын Дала» резерватының мақсат-міндеттерін, атқарып жатқан жұмыстарын және алдағы жоспарларымен таныстырды. Жангелді ауданының оқушылары мен ұстаздарына Республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың борышы екенін ұғындырды.

«Ағаш тұқымдарын контейнерлерге отырғызу»
Жаңа жылда жаңа сипатқа ие болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Д.Тұрғамбаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық табиғат қорғау мекемелері өздері орналасқан елді-мекендегі білім ошақтарында ағаш тұқымдарын контейнерлерге егу жұмыстарын жүргізді. Бұл іс-шараның негізгі ерекшелігі осы уақытқа дейін аймақтарда ағаштар көшет күйінде жерге отырғызылса енді оқушылардың көмегі мен күтімінің арқасында ағаштар тұқымынан бапталып өсіріледі де кейін мектеп ауласына отырғызылады. Бұл өз алдына оқушылар үшін үлкен тәжірибе және тәрбие.
Аманкелді аудандық білім бөліміне қарасты Аманкелді жалпы білім беретін мектебінде, Ә.Боранбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде және Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі мен Н.Мейірманов жалпы білім беретін мектептерінде жалпы саны 300 дана Қайың ағашының тұқымын отырғызды. Мектеп ұжымы аталған іс-шараның тәрбиелік маңызы зор екендігін алдыға тартып, алдағы уақытта да осындай жұмыстардың көп болатынына сенім білдірді.